«Казцинктің» Өскемен металлургиялық кешеніне АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм келді. Дипломатиялық өкілдік басшысына Шығыс Қазақстан облысындағы ең ірі компанияның жұмысы туралы айтылып, бағалы металдарды өндіру барысы көрсетілді.
Металлургиялық кешенге сапарының басында Дэниел Розенблюм «Казцинк» туралы, республикамыздағы түсті металдарды ең ірі жеткізушілердің бірі ретінде бұрыннан естігенін атап өтті. Қазақстан әлемдегі мұндай өнімдерді экспорттаушы ең ірі елдердің бірі болып табылатындықтан, елші мырыш, қорғасын және бағалы металдар өндірісіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар Құрама Штаттар өкілі «Казцинктің» еліміздің әлеуметтік бастамаларына қосқан үлесі зор екенін айтты.
Компанияның бас директоры Александр Хмелев елшіге кешенге келгені үшін алғысын білдіріп, кен өндіру және металлургия бөлімшелерінің жұмысына кеңінен тоқталды. «Казцинктің» шетелдік серіктестерінің арасында Құрама Штаттардан да көптеген ұйымдар бар - олар ірі жабдықтарды, шығын материалдарын, қосалқы бөлшектерді жеткізеді.
Дэниел Розенблюм бағалы металдар өндіру заводына барудан ерекше әсер алды. Дипломатиялық миссия басшысы сапардан ескерткіш ретінде тазартылған алтын құймасымен суретке түсті.