Ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыс істейтін Өскемен Бейнемониторинг орталығы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі республикалық байқауында жылдың үздік әлеуметтік жобасы болып танылды. Осы бастаманы іске асырғаны үшін «Казцинк» Астанада өткен салтанатты шарада еліміздің Президенті белгілеген ең беделді марапаттардың біріне ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы сәуірде есту қабілеті бойынша ерекше қажеттіліктері бар көптеген адам жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Шығыс Қазақстан облысының ең ірі компаниясы өз өндірістік нысандарын күзету аясында Бейнемониторинг орталығын іске қосты. Мұнда қауіпсіздікті арнаулы мониторлардан онлайн режімде қадағалайтын ерекше адамдар еңбек етеді. Жоба «Қазақстан саңыраулар қоғамымен» бірлесіп іске асырылды.
Жаңа бөлімше өзінің тиімділігін растап үлгерді - Орталық жұмыс істеген кезеңде 350-ден астам ауытқу тіркелді.
«Казцинктің» жобасы «Парыз» жоғары марапатына ұсынылды. Бұл сыйлықты ел басшылығы қазақстандық ірі компанияларға жоғары жетістіктері үшін табыстайды. Бұл жағдайда үздік әлеуметтік жоба үшін берілді.