Өскеменде «Казцинк» серіктестерінің форумы» - еліміздің ең ірі кен-металлургиялық компанияларының бірі шағын және орта бизнеспен ынтымақтастық мәселелерін талқылайтын жыл сайынғы есеп беру іс-шарасы өтті. Биылғы кездесу 18 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар мен меморандумдарға қол қоюмен аяқталды. Бұған металлургтер бастамашы болған «Серіктес» бірегей конкурсы арқылы қол жеткізілді.
Серіктестер форумына «Казцинктің» мердігерлері мен жеткізушілері, мемлекеттік органдардың, Кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Компания басшылығы бір жылдағы жұмыс нәтижелеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Металлургтер импорталмастыруды кеңейту жолдарын табу үшін неғұрлым заманауи әдістерді қолдануға тырысады. Бұрын жүргізілген жұмысқа қосымша, 2022 жылғы 1 қыркүйекте «Казцинк» «Серіктес» деп аталатын бизнес-жобалар конкурсын іске қосты. Міндеттердің бірі – елішілік құндылықты дамыту тәртібіне белсенді түрде ену, импорталмастырудың жаңа бағыттарын табу. Конкурс ШОБ арасында үлкен танымалдыққа ие болды. Алғашқы төрт айда 130 өтінім зерделеніп, 48 жоба қарауға қабылданды.
Серіктестер форумының шарықтау шегі «Серіктес» аясында 1 200-ден астам жергілікті қызметкерлерді тарта отырып, отандық 13 өндірушімен 18 млрд теңгеден астам сомаға меморандумдар мен офтейк-келісімшарттар жасасу рәсімі болды. Елеулі жобалардың ішінде кальцийлендірілген сода өндіру заводының құрылысына тапсырысты кепілдендірілген орналастыруды, сондай-ақ кен-шахта және металлургия жабдықтарының жұмыс істеп тұрған өндірістерінің ауқымын кеңейтуді атап көрсетуге болады. Конкурс аясында әлеуметтік жобалар – ежелгі жартас кескіндемесін цифрландыру, сондай-ақ робототехника мектебі, зағиптар қоғамы өнімдерінің тізбесін арттыру бойынша да меморандумдар жасалды.