«Казцинк» Қазақстандағы беделді сыйлықтың екі марапатына ие болды «Казцинк» Қазақстандағы беделді сыйлықтың екі марапатына ие болды

«Казцинк» кен-металлургия саласындағы ауқымды салалық іс-шара – Astana Mining & Metallurgy (AMM) конференциясына қатысты. Бұл - Қазақстандағы осы саланың кәсіби шеберлеріне арналған ең үлкен алаңша. Шығыс Қазақстан өңірінің ең ірі компаниясының өкілдері стратегиялық даму жөніндегі сессияларға қатысып, компанияның цифрлық жобалары мен оның әлеуметтік дамуы туралы айтты. Сонымен қатар «Казцинк» мамандары қазақстандық кәсіпкерлерге арналған бірегей «Серіктес» конкурсы аясында отандық тауарлар, жұмыстар және қызметтер өндірушілермен қарым-қатынасты нығайту бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

 

АММ конгресінің аса жарқын сәті «Алтын Гефест» кәсіби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау болды. Бұл - кен-металлургия компанияларының мамандарына арналған мәртебелі сыйлық. Биыл «Казцинк» бірден екі мүсіншемен марапатталды.

«Кен-металлургия кешеніндегі әйел» құрметті атағын «Казцинктің» Өскемен металлургиялық кешені Мырыш заводының кран машинисі Елена Мазаева иеленді. Ол өндірісте 37 жыл жұмыс істеп келеді. Елена конкурстық комиссияны тек кәсіби жетістіктерінің арқасында ғана баурап алған жоқ. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыруға құнды үлес қосып келеді.

Есту қабілеті бойынша ерекше қажеттіліктері бар ондаған адам жұмыс істейтін бейнемониторинг орталығын құру жөніндегі металлургтердің бастамасы жылдың үздік әлеуметтік жобасы болып танылды. Бұл адамдар компанияның өнеркәсіптік алаңшаларындағы қауіпсіздікті онлайн режімде қадағалайды. Өскемендегі орталықты құру есту қабілеті шектеулі 60 адамға өңіріміздегі ең ірі өндірістік үдеріске қосылуға, сонымен қатар өздерін мемлекеттік зейнетақыға қоса қосымша табыспен қамтамасыз етуге және жаңа тәжірибе мен дағдыларды игеруге мүмкіндік берді.