Риддердегі «Казцинкмаш» бөлімшесінің қызметкері Данил Феклистов WorldSkills өңірлік сайысында «Сандық бағдарламалық басқаруы бар білдектермен істелетін токарьлық жұмыстар» саласы бойынша жеңіске жетті. Жас жігіт өз бағыты бойынша Шығыс Қазақстанның үздігі атанды.
WorldSkills – кәсіби дағдылар саласындағы халықаралық сайыс. Оған әр түрлі мамандықтардың 22 жасқа дейінгі жас өкілдері - құрылысшылар мен механиктерден бастап IT мамандары мен аспаздарға дейін қатысады. Күрделі тапсырмаларды орындау арқылы әркім өз шеберлігін дәлелдейді.
Жеңіске жету үшін үміткерлер берілген 4 сағатта білдекті дайындап, қажетті құрал-саймандарды орнатып, конкурстық комиссия ұсынған сызба бойынша бірегей бөлшекті жасау бағдарламасын жазып, дайын бұйымды шығаруы керек болды. Казцинк қызметкері бұл күрделі сынақты барлығынан бұрын – 3 сағатта және ешбір қатесіз орындады.