2011 жылы Шығыс Қазақстан облысының аса ірі компаниясы тарихындағы ең маңызды жобалардың бірі – Өскемен металлургия кешенінде (ӨМК) мыс заводы бой көтерді. Бүгін бұл кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұр. Мыс заводы – «Казцинктің» ірі өндірістерінің бірі әрі берегейі, ол шілде айының соңында өзінің он жылдығын атап өтті.
2005 жылы компанияда ауқымы жағынан теңдесі жоқ жоба - «Жаңа металлургия» жүзеге асырылды. Ол өндірістік базаны жаңғыртуды, қорғасын заводын жаңғырту есебінен экологияға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуды және жаңа өндірістер құруды қамтиды. Мыс заводының құрылысы жоба аясында төрт жылға созылды, онда әлемнің 10 мемлекетінен 5 000-нан астам маман еңбек етті. Түбегейлі жаңадан салынған өндіріс ӨМК-нің басқа бөлімшелерінің құрылымына кіріктірілген. 2011 жылы жаңа завод алғашқы өнімін – аса жоғары сапалы катодты мыс (Cu 99,99) берді.
Бүгін ол – ең заманауи кәсіпорын. Онда Австралияның, Германияның, Жапонияның, Австрия мен Швецияның жетекші өндірушілерінің технологиялары қолданылады. Мыс заводында 450-ден астам адам және 4 цех жұмыс істейді, олар жылына 70 000 тоннаға дейін катодты мыс өндіреді. Завод өткен 10 жыл ішінде 10 млн табақ катодты мыс өндірді.
Кәсіпорын құрамында небәрі 10-12% негізгі металл бар мыс шикізатын қайтадан өңдеу тұрғысында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Ол австралиялық Isasmelt технологиясы жөнінен әлемдік көшбасшылардың бірі атануға мүмкіндік берді.