Қазақстанның KIOSH 2023 еңбек қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі халықаралық көрмесінде еңбек қауіпсіздігі мәселесіндегі үздік өнеркәсіптік компаниялар салтанатты түрде марапатталды. «Алтай» кен байыту кешенінің жұмыскері және «Казцинкмаш» машинажасау бөлімшесі «СЕНІМ» конкурсының дипломдары мен мүсіншелеріне ие болды.
Бұл республикамыздағы ҚТ саласының кәсіби шеберлеріне арналған жалғыз іс-шара.
«Алтай» КБК Байыту фабрикасының гидрометаллург-аппаратшысы Сергей Шульгин «Еңбек қорғау бойынша үздік техникалық инспектор» аталымында бірінші орынға ие болды. Сергей компанияда 10 жыл жұмыс істеп келеді. Ол әрбір адам жұмысқа кеткенде үйіне жарақатсыз, аман-сау оралатынына сенімді болуға тиіс деп есептейді.
«Казцинкмаш» ӨК салалық бөлімшесі «Үздік қауіпсіздік қызметі» аталымында екінші орынды иеленді. Риддерлік машина жасаушылар сайыс аясында бүкіл компаниядағы қауіпсіздік жүйесінің қалай құрылғанын өз мысалдарымен көрсетті. Компания жұмыскерлері негізгі құрал – бұл саладағы үздік тәжірибелерді біріктіретін ауқымды бағдарлама – «Қауіпсіз еңбек» жобасы туралы айтты. Сонымен қатар бүкіл Қазақстандағы ұқсас бөлімшелердің ішінде «Казцинкмаш» жарақаттанудың нөлдік деңгейімен жұмыс істейді.