«Казцинк» «Жаңа ғасыр» театрының мемлекеттік тілдегі қойылымдарымен гастрольдік сапарына демеушілік жасады. Ұжымның облысымыздың орталығына алғашқы келуі профессор, қазақстандық актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімовтің 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Өнер шебері - «Жаңа ғасыр» театрының негізін қалаушы. Театр Қазақстанда да, шетелдерде де танымал, оның әртістері көрерменді классикалық әдебиеттің жауһарларымен таныстырып, қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғайды.
Труппа Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының сахнасында мемлекеттік тілде әртүрлі жанрдағы бірнеше спектакль: әлем классиктерінің әйгілі «Король Лев» және «Жарқанат» шығармалары негізіндегі музыкалық комедияларын, «Соңғы қоңырау» поэтикалық комедиясын көрсетті. Қорытынды қойылым Асанәлі Әшімовтің өзі қатысқан, оның күрделі тағдыры туралы «Тағдыр тақтасы» атты деректі драма болды.