Шығыс Қазақстан облысындағы ең ірі компания өз объектілерін күзету аясында Бейнемониторинг орталығын іске қосты. Мұнда тек ереше адамдар жұмыс істеп, қауіпсіздікті онлайн режимде қадағалайды.
Бейнемониторинг орталығының ашылуы 6 сәуірде Өскеменде өтті. Алпыс қызметкерден тұратын штат толығымен дерлік есту қабілеті төмен адамдардан құралған. Жаңа бөлімшенің қызметкерлері облыс орталығындағы кеңседен тікелей Риддер кен байыту комбинаты Байыту фабрикасы учаскесін қашықтан бақылаумен айналысады – мониторлар мен камералар арқылы қауіпсіздікті қадағалайды.
«Казцинк» бұл жобаны «Қазақстан саңыраулар қоғамымен» бірлесіп іске асырды. Металлургтер жөндеу жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ жұмыс орындары мен қоршаған ортаны болашақ әріптестерінің ерекше қажеттіліктеріне бейімдеді. Сонымен қатар Орталықтың әрбір қызметкері арнайы әзірленген бағдарлама бойынша қажетті оқудан өтті. Кезекші ауысымда бір уақытта 15 адам жұмыс істейді: бөлімшенің кеңсесінде есту қабілеті шектеулі адамдар қатарынан 11 оператор және есту қабілетінің шектеуі жоқ бір аға оператор жұмыс істейді. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар 3 қызметкер бейнеархивті үйде қарайды. Қашықтан істейтін жұмыскерлердің екеуі Риддерде, біреуі Өскеменде тұрады. Ауысымның 15 қатысушысының барлығы үшін арнаулы жұмыс орны жабдықталған. Бұған қоса, Бейнемониторинг орталығында қажетті тұрмыстық техникамен, ыдыстармен және жиһаздармен жабдықталған демалыс бөлмесі бар.
Бейнемониторинг орталығының қызметкерлері оқытудан өткеннен кейін өз мамандықтарын жетілдіру мүмкіндігіне ие болады – командаға тұрақты негізде куратор бекітіледі. Ал тәжірибелік дағдыларын жақсы меңгеру үшін компанияның тәжірибелі мамандары арнаулы жаттығулар өткізеді.