«Казцинк» экологтармен бірлесе шығарылымдарды азайту жоспарын іске асырады «Казцинк» экологтармен бірлесе шығарылымдарды азайту жоспарын іске асырады

«Казцинк» - еліміздегі өз объектілерінде тазартудың заманауи әрі тиімді әдістерін өз бастамасымен енгізуді шешкен тұңғыш кен-металлургия компаниясы. 2019 жылдың соңында Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігімен тиісті меморандум жасалды. «Казцинк» алдағы бірнеше жылда халықаралық тәжірибеге бағыт ала отырып, неғұрлым прогрессивті технологияларды енгізуге міндеттеніп отыр.

Қазір металлургтер мен экологтар өндірісте қандай әдістемелерді тиімді қолдануға болатынын анықтауда. «Казцинк», салалық министрлікпен бірлесе, қолданыстағы табиғат қорғау әдістерінің неғұрлым заманауи нұсқаларын зерттеуде. Өндірістің түрлі бағыттары бойынша күрделі жабдықтардың прогрессивті жүйелерін қамтитын үздік қолжетімді технологиялар анықтамалығы қалыптастырылуда. Әрі қарай, мемлекеттік органдармен бірге, неғұрлым сәтті нұсқалар таңдалып алынып, оларды енгізу басталады.

Жоспарланған табиғат қорғау жұмысы да жалғастырылуда. Риддер металлургиялық кешенінде өндірісті едәуір заманауиландыруға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін «Гидрополимет» жобасы енгізілуде. Риддер кен байыту кешенінде соңғы бірнеше жылдың ішінде суқоймаларға түсетін ластаушы заттектер көлемі жоспарлы түрде азайтылып, өнеркәсіптік су айналымы жүйесі жетілдірілуде.

Өскемен металлургия кешенінде көгалдандыру бойынша жоспарлы іс-шаралар мен тазарту құрылысжайларының жұмысын жетілдіру жүргізілуде. Мұнда металдарды сіңіріп, олардың деңгейін шектік-рұқсат етілетін концентрациялар деңгейінен төмендетуге мүмкіндік беретін арнаулы сорбенттер арқылы жіті тазарту әдісі енгізілуде.